Астанада "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты табысталды

Биыл конкурсқа қатысу үшін 5 бағыт бойынша 3000-нан астам өтінім түсті
Sputnik
АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. Астанада бизнес, ғылым, мәдениет, медиа және ақпараттық технологиялар саласындағы үздік 30 жобаның авторына "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты табысталды.
Айта кетейік, мемлекет басшысы 2021 жылы "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын жас қазақстандықтардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын қолдау мақсатында тағайындаған болатын. Грант аясында 63 адам өз жобасын Қазақстанда ғана емес шетелде де түрлі салаларда табысты жүзеге асыруда.
Биыл конкурсқа қатысу үшін 5 бағыт бойынша 3000-нан астам өтінім түсті. Олардың қатарында Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттауға, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге, IT саласындағы ғылыми зерттеулерді, стартаптар мен жобаларды, экономиканың негізгі секторларындағы креативті бизнес идеяларды іске асыруға бағытталған жобалар бар.
Елімізде 1992 жылдан бастап дәстүрлі түрде ғылыми, шығармашылық, креативті қызметпен айналысатын, сондай-ақ спорт саласында жетістіктері бар жастарға "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығы беріледі. Сонымен қатар қазақстандық жас жазушылар мен ақындар президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың иегері атанса, дарынды ғалымдар Д.А. Қонаев атындағы сыйлықтар мен ғылыми стипендиялар алады.