5 мыңнан астам сарбаздың несиесі кейінге қалдырылды

Келесі жылдан бастап сарбаздарға кредиттік демалыстар автоматты түрде беріледі
Sputnik
АСТАНА, 20 желтосқан — Sputnik. Қазіргі кезде 5 мыңнан астам сарбаздың 1 млрд 875 млн теңге несиесі кейінге қалдырылды, деп хабарлайды қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта банктер мен микрокредиттік ұйымдарда 1,6 млрд теңге сомасына 5 мыңға жуық әскери қызметшінің өтініштері қаралу үстінде.
"Негізгі қарыз бен сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру тәртібін белгілейтін нормаларға қорғаныс ведомствосы сарбаздардан басқа қарыз алушылар қатарына әскери жиындарға шақырылған азаматтарды да қосуды ұсынып отыр. Несиені кейінге қалдыру әскери жиындағы бүкіл кезеңге беріледі деп күтілуде", - делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, бұл ретте мәлімет алмасу мүдделі органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылы арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
Кредиттік демалыстарды автоматты (проактивті) түрде беру жөніндегі пилоттық жоба 2024 жылы іске қосылады.
"Процестерді автоматтандыру үшін ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және "Мемлекеттік кредиттік бюро" АҚ-мен бірлесіп проактивті форматта өзара іс-қимыл алгоритмін әзірледі. Жыл соңына дейін запасқа шығарылған адамдардың несиелік демалысын тоқтату алгоритмі сияқты, мұнда да әскерге шақыру күнінің орнына әскери қызметтен босату күні беріледі", - деп атап өтті министрлік.