АСТАНА, 19 желтоқсан – Sputnik. Қазіргі уақытта Жезқазған ЖЭО-да бес қазандықтың 2-еуі жұмыс істеп тұр, деп хабарлады энергетика министрлігі.
Жылу желілеріндегі температура қалыпты көрсеткіштен 10 градусқа төмен, яғни қалыпты 73 градустың орнына қазір 63 градусты көрсетіп отыр.
Ал қала әкімі Қайрат Шайжанов Жезқазған ЖЭО-дағы қазандықтардың апатты түрде тоқтау себептерін айтты.
"Кеше кешке №4 қазандықта жарықшақ пайда болды. Ақау анықталғаннан кейін қазандық өшіріліп, жөндеу жұмыстары басталды. Қазандық бүгін сағат 20:00-ге дейін қайта іске қосылатын болады. Бүгін сағат 7:15-те №5 қазандықта тағы бір жарықшақ анықталды. Бұл жөндеу жұмыстары 20 желтоқсан күні таңертең аяқталады деп күтілуде. №6 қазандық бүгін сағат 10:15-те істен шықты. Түтін сорғыш қозғалтқыштан ақау анықталды. Бұл қазандық бүгін түн ортасына дейін қалыпқа келтіріледі деп күтілуде, - деді Шайжанов қала әкімдігінің Instagram-дағы парақшасында.