Ұшқыштар жетіспейді: авиация мамандарын даярлау үшін қосымша гранттар бөлінеді

Көлік министрі Марат Қарабаевтың ақпаратынша, қазір осы салада 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Жыл сайын қосымша кадрларға деген қажеттілік 600 адамды құрайды
Sputnik
АСТАНА, 19 желтоқсан – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов азаматтық авиация саласындағы кадр тапшылығын шешу үшін қосымша гранттар бөлуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, азаматтық авиация саласын кадрлармен қамтамасыз ету – өзекті проблемалардың бірі.
"Бүгінде ұшқыштар, инженерлер мен техникалық персоналдар жетіспейді. Рейстердің кешігуі де қалыпты әдетке айналып барады. Оған қолайсыз ауа райы ғана себепші емес. Сондықтан авиакомпаниялар жолаушылар мен ұшақтарға қызмет көрсету сапасын жақсартып, әуе паркін кеңейтуі қажет", – деді Смайылов үкімет отырысында.
Премьер-министр ғылым және жоғары білім, көлік министрліктеріне азаматтық авиация саласында мамандар даярлау үшін қосымша гранттар бөлуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың ақпаратынша, қазір осы салада 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Жыл сайын қосымша кадрларға деген қажеттілік 600 адамды құрайды.
"Елімізде Орта Азия бойынша кадр даярлауды жүзеге асыратын жалғыз жоғары оқу орны жұмыс істеп тұр. Алайда академия түлектері халықаралық талаптарға сәйкес келмеуінің себебінен сұранысқа ие емес. Осыған байланысты негізгі авиакәсіпорындар кадрларды даярлауды өз бетінше жүзеге асыруға мәжбүр", – дейді министр.
Оның айтуынша, кадр тапшылығы мәселесін шешу және студенттердің сұраныс деңгейін арттыру мақсатында франциялық Азаматтық авиация ұлттық мектебін (ENAC) стратегиялық серіктес ретінде тартып, EASA еуропалық стандарттарға (Еуропалық ұшу қауіпсіздігі агенттігі) сәйкес кадрларды даярлау пысықталып жатыр.