АСТАНА, 19 желтоқсан - Sputnik. ҰҚШҰ елдері өздерінің күштік құрауышын жүйелі түрде арттыруда, деді ұйымның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов кеңестің бірлескен отырысында және ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының 16-шы жалпы отырысында. Бұл туралы ұйымның баспасөз қызметі хабарлады.
"Қиын халықаралық жағдайларда ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздікті нығайту және мүше мемлекеттердің заңды мүдделерін қамтамасыз ету бағытын берік ұстанды", - деді Тасмағамбетов.
Бас хатшы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі "Дағдарыс жағдайына ден қою жүйесін дамыту шаралары туралы" шешім қабылдағанын еске салды. Оған сәйкес, дағдарыстық жағдайларда күштерді қолдану туралы шешімдер қабылдау мерзімін түбегейлі қысқарту қарастырылған.
Сонымен қатар, Тасмағамбетов 2024 жылға арналған бірлескен жауынгерлік дайындық іс-шараларының ауқымды бағдарламасы дайындалғанын айтты.
"Ұжымдық жедел әрекет ету күштерімен, Орталық Азия өңірінің Ұжымдық жедел әрекет ету күштерімен, ҰҚШҰ-ның бітімгершілік күштерімен, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, барлау, басқару органдары және басқару күштері мен Ұжымдық жедел әрекет ету күштерінің арнайы жасақтарымен барлығы жеті оқу-жаттығу жоспарланған", - деді ол.
Оқу-жаттығулар Қазақстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Тәжікстан аумағында өтеді.
Бас хатшы сондай-ақ ұйымның маңызды міндеттерінің қатарында әскерлерді заманауи қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен, арнайы құралдармен қамтамасыз ету бар екенін айтты.