АСТАНА, 19 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Мысыр президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисиге құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Әбдел Фаттах Ас-Сисиді Мысыр Араб Республикасының президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.
"Сайлаудағы айқын жеңісіңіз мемлекетіңіздің дамуына қосқан мол үлесіңіз бен қажырлы еңбегіңіздің нәтижесі, сондай-ақ Мысыр халқының өзіңізге артқан зор сенімі деп білемін. Осы ретте еліңіздің болашағын жарқын, мерейін үстем етуге бағытталған бастамаларыңыз бен жоспарларыңыздың әрдайым сәтті жүзеге аса беруіне тілектеспін", - делінген құттықтауда.
Тоқаев Қазақстан мен Мысыр арасындағы ортақ рухани құндылықтар мен жан-жақты өзара ынтымақтастыққа негізделген дәстүрлі қатынастардың өрісі кеңейгенін ерекше атап өтті.
"Халықтарымыздың игілігі үшін екіжақты және көпжақты форматтардағы әріптестігіміз болашақта да жалғасын тауып, қарқынды дами беретініне кәміл сенемін", – деді Қазақстан президенті.