АСТАНА, 19 желтоқсан – Sputnik. Нью-Йорк, 2023 жылғы 18 желтоқсан – Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2026 жылды Орнықты даму мақсатында халықаралық еріктілер жылы деп жариялаған қарарды қабылдады, деп хабарлайды сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Халықаралық еріктілер жылын жариялау туралы бастаманы Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ мінберінен 2020 жылы Бас Ассамблеяның 75-сессиясының жалпы саяси пікірталастары барысында көтерді.
Қазақстан бұл қарарды әлемнің барлық аймақтарынан пікірлес елдерімен – Армения, Боливия, Германия, Кения және Кирибати аралдық мемлекетімен бірлесіп ұсынды. Бұл құжаттың тең авторлығына БҰҰ-ға мүше 54 мемлекет қосылды.
Халықаралық жыл аясындағы іс-шаралар волонтерлік қозғалысқа ұлттық, аймақтық және жаһандық деңгейде қуатты серпін береді, еріктілер қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және оны одан әрі дамытудың негізгі векторларын айқындауға үлес қосады.
Айта кетейік, мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жыл Қазақстанда Еріктілер жылы болып жарияланып, 2021-2023 жылдарға арналған волонтерлік қызметті дамытудың жол картасы қабылданды. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде еліміздегі еріктілер саны 200 мың адамға жетті. Қазақстандық жастар әлемнің әртүрлі елдерінде БҰҰ еріктілері ретінде қызмет істейді.