Өңірлер

Атырауда 20 мыңнан аса адамның денсаулығына қауіп төндірген компанияға айыппұл салынды

37,4 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды
Sputnik
АСТАНА, 19 желтоқсан – Sputnik. Атырау облысында экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін құқық бұзушыға 37 млрд теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Ведомство қауіпті қалдықтар айналымы саласындағы заңдылықтың сақталуына талдау жүргізді. Оның нәтижелері бойынша экологиялық рұқсатсыз "Oxygenator" ЖШС "Сағыз" полигонында 13 108 тонна мұнай қалдықтарын жинақтау арқылы Доссор қалалық үлгідегі кентте тұратын 20 мыңнан астам азаматтың денсаулығына тікелей әсер ететін өрескел заңбұзушылық фактісі анықталды.
"Бұдан басқа, полигон аумағында мұнай шламдарын қайта өңдеу бойынша тиісті жабдық болмағанына қарамастан, серіктестік 2022-2023 жылдар кезеңінде мұнай компанияларына қызмет көрсетуді жалғастырған", - делінген хабарламда.
Осыған байланысты Атырау облысының прокуратурасы уәкілетті органға тексеру жүргізуді тапсырып, оның нәтижелері бойынша серіктестікке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама ("Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу") толтырылды.
Атырау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2023 жылғы 1 қарашадағы қаулысымен серіктестікке 37,4 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды. Қаулы заңды күшіне енді.