АСТАНА, 18 желтоқсан – Sputnik. Петропавлдық қолөнершілер ұзындығы 500 метрлік көрпе тігіп, Қазақстанның рекордтар кітабына енді, деп хабарлады 24KZ.
Олар республикалық "Аламан құрақ" байқауына ұлттық нақышта көрпе тіккен. Бір шыңды бағындырған шеберлер енді әлемдік рекордқа дайындалып жатыр.
"Кесте тігуді 4 жасымнан бастадым. Ол кезде кішкентай бала едім. Тұрмысқа шыққан соң көрпе тігумен айналыстым. Мұнымен әлі де әуестенемін. Жарыста 1,5 мың қатысушыдан 200 қолөнерші ақтық сынға шықты. Біз соңына дейін жетеміз деп шештік және бұл шешімімізге өкінбедік. Қанша көп күш жұмсадық, бірақ бұл ақталды", - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Бақыт Мұстафина.
Өздері орнатқан рекордтан шабыттанған өнерпаздар енді жаңа, бұл жолы әлемдік рекорд орнатуды жоспарлап отыр. Әлеуметтік желілерде олар басқа да тігіншілерді осы мақсатты жүзеге асыруға қосылуға шақырды.
"Менде чатта 17 адам бар. Қаңтар айына дейін тағы адамдарды тартамын. Адамдарды осы жарысқа қатысу үшін тіркелуге шақырамын. Қаңтар айынан кейін бізге тапсырмалар беріледі, не тігеміз, қалай тігеміз... Қыркүйек айында байқау болады. Қаңтардан бастап ұйымдастырушылар берген тапсырмалардың барлығын тігуіміз керек", - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Ғалия Жакина.
Петропавлдық қолөнершілер ұлттық тігін өнерінің дәстүрі мен тарихын кейінгі ұрпаққа мұра етуді армандайды. Қазірдің өзінде олар өз тәжірибесін және білімін бөлісуге дайын.