АСТАНА, 18 желтоқсан – Sputnik. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Шавкат Рахмоновты кезекті жеңісімен құттықтады.
Маржықпаев танымал спортшыға алдағы турнирлерде де сәтті өнер көрсетуін тіледі.
"Еліміздің Тәуелсіздік күнінде таң азанымен АҚШ-тан ақжолтай хабар жетті. Аралас жекпе-жектегі ел мақтанышы Шавкат Рахмонов UFC-де кезекті айқасын өткізіп, қазақ елін тағы бір жарқын жеңісімен қуантты. Егемендік күнінде ел тұрғындарын қуанышқа бөлеген даңқты спортшымызды жеңісімен шын жүректен құттықтаймын!",- деп жазды министр Telegram каналында.
Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов (17-0) Лас-Вегаста өткен UFC 296 турнирінде америкалық Стивен Томпсонды (17-6-1) жеңді. Жоспарланған үш раундтың екінші раундында Рахмонов қылқындыру әдісін сәтті пайдаланып, қарсыласын тізе бүктірді.
Осылайша, қазақстандық файтер мансабындағы 18-ші, ал UFC-дегі алтыншы жеңісіне қол жеткізді.
Айта кетері, 40 жастағы Стивен Томпсон спорттық карьерасында 24 рет октагонға шығып, 17 мәрте жеңіс тойын тойлаған.