АСТАНА, 18 желтоқсан – Sputnik. Биыл еліміздің автопаркі 1235 жаңа автобуспен толықтырылды, деп хабарлайды көлік министрлігі.
Осы жылы автобус паркі бірқатар өңірде жаңартылды:
Алматы қаласы - 17 автобус;
Астана қаласы - 259 автобус;
Шымкент қаласы - 25 автобус;
Қарағанды облысы - 44 автобус;
Ақтөбе облысы - 109 автобус;
Павлодар облысы - 241 автобус;
Шығыс Қазақстан облысы - 44 автобус;
Ақмола облысы - 3 автобус;
Алматы облысы -36 автобус;
Атырау облысы - 62 автобус;
Жетісу облысы - 2 автобус;
Батыс Қазақстан облысы - 29 автобус;
Қостанай облысы - 57 автобус;
Қызылорда облысы - 130 автобус;
Маңғыстау облысы - 52 автобус;
Солтүстік Қазақстан облысы - 33 автобус;
Түркістан облысы - 89 автобус;
Абай облысы - 3 автобус.
"Өнеркәсіпті дамыту қоры автобус паркін жаңарту бойынша лизингтік қаржыландыру бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңірі бойынша 4 333 жолаушылар автобусын сатып алу үшін қаржы бөлді. Оның ішінде электр қуатымен жүретін – 130, газбен – 1 737, дизель отынымен жүретін 2 466 автобус", - делінген хабарламада.
Жаңа автобустар халықаралық экологиялық стандарттарға сәйкес шығарылған. Яғни, жолаушыларды ыңғайлы және қауіпсіз тасымалдау үшін барлық қажетті функциямен жабдықталған. Атап айтқанда, кондиционер, өрт сөндіргіштер, бейнебақылау камералары, бейнежазба жүйесі, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған механикалық пандустар қарастырылған.
Сондай-ақ автобустар еліміздің климаттық жағдайына бейімделген. Мәселен, солтүстік өңірлерге арналған қоғамдық көлікте салондарда қосымша пештер мен салондағы ауаны тазартатын құрылғылар орнатылған.
Көлік министрлігі Өнеркәсіпті дамыту қорымен бірлесіп автопаркті жаңа отандық автобустармен жаңарту және толықтыру бойынша жұмысты келесі жылы да жалғастыруды жоспарлап отыр.
Министрлік атап өткендей, автобус паркін жаңарту бойынша лизингтік қаржыландыру бағдарламасы отандық өндірістің қоғамдық көлігін жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік береді.
Қалалардағы автобус паркін жаңартуды қаржыландырудың негізгі шарттары:
лизингтік қаржыландыру мерзімі — 7 жылға дейін;
лизинг бойынша бастапқы жарна (аванс) — 15%-тен;
жылдық сыйақы жарнасы — 7%.
Өңірлердегі автобус паркін жаңарту үшін қаржыландырудың негізгі шарттары:
лизингтік қаржыландыру мерзімі — 7 жылға дейін;
лизинг бойынша бастапқы жарна (аванс) - 0%;
жылдық сыйақы жарнасы — 0,01%.