АСТАНА, 17 желтоқсан – Sputnik. Ақтау қаласындағы бір үйдің тұрғындары он күн бойы жылусыз отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Lada.kz порталына сілтеме жасап.
26 шағын аудандағы 31 үйдің тұрғындары төрт кіреберістегі пәтерлерде он күннен бері жылу жоқ деп отыр. Ал қалған 11 кіреберісте ондай проблема болмаған.
"Бізді кәдімгідей бір сынақтан өткізіп жатқан сияқты. Баламызды жақында ғана қырқынан шығардық. Ал үй болса, мұздай. КСК-ға арыздандық, "109" қызметіне хабарластық, әлеуметтік желіде президентке шағымдандық. Маңғыстау облыстық әкімдікке Telegram-чат арқылы жаздық. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Біз митингке шығуға дайынбыз. Адамдарды олай қорлауға болмайды ғой", - дейді осы үйдің тұрғыны Гүлмира.
Ал коммуналдық қызметтер жылу жағынан ешқандай проблема жоқ деп мәлімдеді.
Айта кетері, Ақтаудағы магистральдік құбырда апат болды. Соның салдарынан кейбір шағын аудандарда жылу циркуляциясы бұзылды. Қала әкімі Ұлықбек Тінәлиевтің айтуынша, жылу барлық көпқабатты үйлерге берілді. Жылу әрбір жертөлеге дейін жеткізілді. Бірақ кейбір үйлерде дұрыс циркуляция жоқ.