АСТАНА, 17 желтоқсан – Sputnik. Биыл алаяқтарға алданған қазақстандықтар он бір айдың ішінде 96,5 миллиард теңгеден айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Finprom порталына сілтеме жасап.
Қаңтар-қараша айларында алаяқтық бойынша 40,8 мың қылмыстық іс тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 процентке артық. Соның басым бөлігі – интернет алаяқтық. Банктің төлем картасымен және кредитпен жасалған алаяқтық әрекеттер де аз емес.
Он бір айдың ішінде алаяқтар 96,5 миллиард теңгені қолды кеткен. Соның ішінде мемлекетке 54,2 миллиард теңгеге шығын келсе, заңды тұлғалар 3,7 миллиардқа алданды. Ал жеке тұлғалар 38,5 миллиардтан айырылды.
Алаяқтық әрекеттер көп тіркелген аймақтар:
Алматы (8,5 мың);
Астана (6,5 мың);
Қарағанды облысы (3,3 мың).
Ал Ұлытау (397), Қызылорда (615) мен Жамбыл(806) облыстарында ең аз алаяқтық тіркелген.
Жыл басынан бері 6 мың адам алаяқтық үшін ұсталды. Олардың көбісі – жұмыссыздар (5 мың адам). Қалғаны жұмыс істейтіндер, арасында бизнесмендер (70 адам), мемлекеттік қызметшілер (170 адам), оқушылар (77 адам) мен әскери қызметшілер (19 адам) бар.