АЛМАТЫ, 16 желтоқсан – Sputnik. Жамбыл облысында ауа райының бұзылуына байланысты жолда қалған адамдардың барлығы құтқарылды, деп хабарлайды облыс әкімдігі.
Жамбыл облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты 12 желтоқсан сағат 12:00-ден 14 желтоқсан сағат 13:15 аралығында "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автобанының республикалық маңызы бар "Тараз-Алматы" бағытындағы жолдарда кезең-кезеңімен көлік қозғалысы тоқтатылған болатын.
"Жедел қолға алынған іс-әрекеттердің нәтижесінде аталған бағыттардан барлығы 2708 адам құтқарылды, оның ішінде 94 бала бар. 2464-і үйлеріне қайтарылса, 244 адам алты жылыту пунктерінде қалып отыр. 5 азамат (1 нәресте, 4 ересек) Қордай аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Олардың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында", - делінген хабарламада.
Жалпы екі күнде 5000-нан астам адам құтқарылды. Қар құрсауында қалған барлық азамат толық шығарылды. Адам шығыны ресми тіркелген жоқ.
Облыстық ТЖ департаменті жанынан жедел желі ұйымдастырылды. Қар құрсауынан шығару жұмыстарына, жалпы 117 арнайы техника, 169 адам тартылды (ТЖД, полиция, әскери, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері).
Жолдарды тазалау жұмыстары жалғасып жатыр.
"Ауа райының күрт нашарлауынан жарықсыз қалған Қордай, Шу, Мойынқұм, Шу аудандарындағы 30 елді мекеннің 25-іне электр қуаты берілді. Қалған 5 елді мекенде электр энергиясын қосу жұмыстары жүруде. Бұл жұмыстарға "Жамбыл электр желілері" ЖШС-нен 23 жедел топ пен 27 арнайы техника тартылды", - делінген хабарламада.
Барлық орталық қазандықтар штатты режимде жұмыс істеуде, газ құбырларының апаты тіркелген жоқ. Қордай, Шу аудандарында қосымша 825 орынға арналған 9 жылыту пункті ұйымдастырылған. "Қазақстан теміржолы" АҚ ақпаратына сәйкес, Шу-Отар учаскесінде жолаушылар пойызының қозғалысы қалпына келтірілді.