Азаттықтың арқасында еліміз жаңа белестерге қадам басты - Тоқаев

Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ғана Қазақстан дипломатиялық тұрғыдан мойындалып, халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде таныла басталды, деді президент
Sputnik
АСТАНА, 16 желтоқсан - Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.

"Бұл – халқымыздың мызғымас бірлігін айшықтайтын ұлық мейрам. Тәуелсіздік күні еліміздің азаттығын және жаңа тарихи кезеңде дербес даму жолына түскенін әйгілейді. Біз осы мерейлі мерекеде халқымыздың бостандық туралы арманын ақиқатқа айналдыруға өлшеусіз үлес қосқан ерлердің рухына тағзым етеміз", - деді президент.

Президент азаттықтың арқасында еліміз жаңа белестерге қадам басқанын атап өтті. Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ғана Қазақстан дипломатиялық тұрғыдан мойындалып, халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде таныла басталды.
"Тәуелсіздік бәрінен қымбат! Оны табысты әрі бақуатты мемлекеттің тірегі саналатын қастерлі құндылық ретінде көздің қарашығындай сақтау – ата-бабаларымыздың және келер ұрпақтың алдындағы қасиетті борышымыз. Қазақстан стратегиялық бағытынан айнымай, мемлекеттілік дәстүрін дәйекті түрде дамытып келеді. Барлық салада қолға алынған ауқымды өзгерістер сан ғасырлық төл шежіреміздің жаңа парағын ашты. Біз баршаға бірдей мүмкіндік беріп, өсіп-өркендеуге жол ашатын Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Қоғамда бірлік пен тұрақтылық, заң мен тәртіп, жауапкершілік пен ынтымақ, білімпаздық пен еңбекқорлық сияқты құндылықтар берік орнықса, осы мақсатқа қол жеткізетініміз анық. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!", - деді құттықтауында мемлекет басшысы.