АЛМАТЫ, 16 желтоқсан - Sputnik. Екібастұзда сотталып жазасын өтеп жүрген адам қатаң режимдегі колонияға түсу үшін қашып кеткен, деп хабарлайды irbistv.kz.
Шідерті кентіндегі түзеу мекемесі қазан айында кеншілер қаласына көшірілмек болған. Өйткені мекеменің ғимараты әбден тозған. Мұнда жазасын өтеп жүрген сотталғандардың басым көпшілігі қалада жұмыс істейді. Түзеу мекемесін бұрыңғы тубдиспансер ғимаратына ауыстыру бір сотталушының қашып кетуіне себеп болған.
37 жастағы жазасын өтеуші 21 қазанда қоныс колониясынан әдеттегідей жұмысына кетіп, қайтып оралмаған. Ол екі күн ішінде Павлодар, Астана қалаларына барып, кейін оралып, өз еркімен прокуратураға барған. Сотталған қашқын қатаң режимдегі колонияға түсу үшін әдейі қашқанын мойындаған.
"Қылмыстық құқық бұзушылық жасардан 2-3 күн бұрын мекеме әкімшілігі қоныс колониясындағы сотталғандарға тубдиспансер ғимаратына көшкені туралы хабарлаған. Сотталушы басшылардан бұл ғимараттың өмірлеріне қаншалықты қауіпсіз екенін сұраған. Алайда мекеме басшылығы мардымды жауап бере алмаған. Денсаулығына алаңдаған сотталушы қатаң тәртіптегі түзеу мекемесіне түсу үшін әдейі қашқан", - делінген Екібастұз қалалық сотының үкімінде.
Қылмыстық іс "жазаны өтеуден жалтару" бабы бойынша қаралып, барынша қауіпсіздігі жоғары колонияда бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады