АСТАНА, 16 желтоқсан – Sputnik. Украинадағы арнайы операция энергетика секторын долларсыздандыру және АҚШ үстемдігін бәсеңдету процесін іске қосты, деп хабарлады РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында "Сербиягаз" компаниясының бас директоры және Сербия Социалистік партиясы төрағасының орынбасары Душан Баятович.
"Ресейдің рөлі орасан зор: долларсыздандыру және америкалықтардың үстемдігін бәсеңдету, деколонизация Украинада қақтығыс басталған кезде іске қосылды. Бұл аймақтық қақтығыс сияқты көрінгенімен, мәні мен сипаты бойынша бұл Ресей мен ұжымдық Батыс, Ресей мен НАТО, ал тереңірек үңілсек, Шығыс пен Батыстың арасындағы күрес, әлемнің көптеген мемлекеті мен халқының отаршыл Батыспен қақтығысы", - деді Баятович.
Ол бүкіл әлем Ресейге қарсы санкция салды деген Батыс тұжырымының жалғандығына тоқталды.
"Әлем емес, ұжымдық Батыс, қалған адамзаттың 80%-ы ешқандай санкция енгізген жоқ және енгізбейді де. Ресей Украинадағы қақтығыс арқылы жедел деколонизацияны, бостандық үшін, еркіндік көбірек болатын және жаңа халықаралық қатынастар құрылатын әділетті әлем үшін күресті іске қосты", - деді Сербия Социалистік партиясы төрағасының орынбасары.
Бұған дейін Владимир Путин 2023 жылды қорытындылаған үлкен баспасөз мәслихатында Ресей экономикасының сенімді дамуы артып жатқанын айтты.
Өнеркәсіп өндірісі 3,6%-ды, өңдеуші өнеркәсіп – 7,5%-ды құрады және көрсеткіш өсіп жатыр.
Ресей Федерациясында жыл соңында нақты жалақы шамамен 8%-ға, халықтың нақты табысы шамамен 5%-ға өседі.
Бұл ретте жұмыссыздық деңгейі Ресей тарихында алғаш рет 2,9%-ға дейін төмендеді.