АЛМАТЫ, 15 желтоқсан – Sputnik. Соңғы 15 жылда Қазақстанның көлік саласына 35 млрд долларға жуық инвестиция құйылды, 2,5 мыңнан астам теміржол және 13 мың км автомобиль жолы салынды, деп мәлімдеді көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Ереванда өткен конференцияда. Бұл туралы көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Вице-министр 2014-2024 жылдарға арналған теңізге шыға алмайтын дамушы елдер үшін Вена іс-қимыл бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндады.
Қалиақпаров Қазақстанда Қорғас құрылық порты - Қытаймен шекарадағы Шығыс қақпасы және Ақтау мен Құрық теңіз порттары жылына 21 млн тонна қуаттылықпен жұмыс істейтінін айтты. Ел аумағы бойынша 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді, оның ішінде 5 теміржол және 8 автомобиль жолы бар.
"Бүгін біз Орталық Азия мен Еуропа арасындағы тасымалдардың сапасын арттыру үшін барлық жағдай жасауға мүмкіндік беретін жаңа логистиканы жолға қою мәселесін қарастырып жатырмыз. Қазақстан көлік-транзиттік әлеуетті дамытуға және өңірдегі көлік дәліздерін жаңғыртуға зор күш-жігер жұмсап жатқан Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия және Еуропа сияқты экономикалық алпауыттардың арасында орналасқан", - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағыты артып келеді, оған мысал өткен жылдың қорытындысы бойынша жүк тасымалдау көлемі екі есе артқан.
"Өткен жылдың қарашасында Ақтауда біз Әзербайжан, Грузия және Түркиямен 2027 жылға дейінгі орта дәлізді дамыту бойынша Жол картасына қол қойдық. Бұл құжатты іске асыру дәліздің өткізу қабілетін жылына 6 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін арттырады", – деді Қалиақпаров.
Бұдан басқа, орта дәлізді дамыту шеңберінде 2025 жылға дейін Ақтау портында "контейнерлік хаб" салу жоспарланып жатыр. Бұл тасымалдау көлемін жылына қосымша 300 мың жиырма футтық баламаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.