АСТАНА, 14 желтоқсан - Sputnik. Ресей президенті Владимир Путин Арменияның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД), Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) және Еуразиялық экономикалық одақтан шығуы тиімді деп санамайтынын айтты, деп хабарлады РИА Новости.
"ТМД, ЕАЭО және ҰҚШҰ-дағы мүшелігін қандай да бір жолмен тоқтату Арменияның мүддесіне сай емес деп ойлаймын. Сайып келгенде, бұл мемлекеттің өз таңдауы", - деді Ресей президенті жылды қорытындылауға арналған жиында.
Сонымен қатар, Владимир Путин Армения басшылығының Таулы Қарабақты Әзербайжанның бір бөлігі ретінде тану туралы шешімі жөнінде Ресейді алдын ала хабардар етпегенін мәлімдеді.
"Қарабақтан бас тартқан біз емес. Қарабақ Әзербайжанның бір бөлігі екенін Армения мойындады. Олар мұны өз бастамаларымен жасады және шын мәнінде олардың мұндай шешім қабылдауға дайындалып жатқанынан біз де бейхабар болдық", - деді ол.
Путин оның бұл мәлімдемесі "жай ғана бар фактіні нақтылау" екенін айтты.
Ресей президенті Владимир Путин 2023 жылдың қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.