Фельдшер комада жатыр: Ақмола облысында жедел жәрдем көлігі ГАЗельмен соқтығысты

Елорда маңындағы жол апатынан кейін тағы төртадам ауруханаға түсті
Sputnik
КӨКШЕТАУ, 14 желтоқсан – Sputnik. Ақмола облысының Қосшы қаласында жедел жәрдем көлігі "ГАЗель" көлігімен соқтығысты. Төрт адам ауруханаға түсті, фельдшер жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қосшы қаласы жолындағы жантүршігерлік жол апаты туралы тұрғындар хабарлады. Олардың айтуынша, жедел жәрдем көлігі көрші Қабанбай батыр ауылынан Астанаға қарай бара жатқан.
Тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғады. Полиция департаментінің мәліметінше, апаттан зардап шеккендер бар.
"Жол апаты Астана - Қабанбай батыр ауылы тас жолының 18-ші шақырымында болды. 28 жастағы "ГАЗель" жүргізушісі қарсы жолға шығып кетіп, жедел жәрдем көлігімен бетпе-бет соқтығысты", - дейді полицейлер.
Төрт адам елордадағы емханаға жатқызылды.
"28 жастағы фельдшер қыз, 73 жастағы науқас және екі жүргізуші ауыр жарақатпен Астанадағы №2 көпсалалы облыстық ауруханаға жеткізілді", - деп хабарлады полиция департаменті.
Қабанбай батыр ауылындағы дәрігерлік амбулатория 1995 жылы туған фельдшер Жанар Бектастың жансақтау бөлімінде жатқанын, оның комаға түскенін хабарлады.
Сондай-ақ жедел жәрдем жүргізушісіне ота жасалғаны белгілі болды.
Полицейлер Қылмыстық кодекстің 345-бабы "Жол қозғалысы ережелерін бұзу" бойынша тергеуді бастады. Сараптама жасалып жатыр. Тергеу шаралары жүргізілуде.