Қытай Қазақстаннан Достық станциясы арқылы жүк қабылдауды неге тоқтатты

Қазақстан темір жолы 25 желтоқсанға дейін Достық шекара өткелі арқылы астық, ұн және өсімдік майын қабылдамайтынын ескертті
Sputnik
АСТАНА, 13 желтоқсан – Sputnik. Қытай ауа райының қолайсыздығына байланысты Қазақстаннан теміржол көлігімен жүк қабылдауды тоқтатты, деп хабарлады "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
"Жүк және контейнерлік пойыздар күтіп тұр. 12-13 желтоқсан аралығында түнде пойыздарды беру толығымен тоқтатылды, күндіз-пойыздардың орташа тәуліктік алмасуы 5 есеге: 15-тен 3 құрамға дейін төмендеді", - деп жазылған хабарламада.
Ұлттық компанияның мәліметінше, Достық (ҚР) және Алашаңқай (ҚХР) станцияларында ауа райының қолайсыздығына байланысты Қазақстаннан ҚХР-ға жүк қабылдау баяулаған.
Атап айтқанда, Қытай астық тасымалдаушыларды, астық жүктері мен ұнтақ өнімдері бар жабық вагондарды, өсімдік майы бар цистерналарды қабылдамай жатыр. Алашаңқай станциясында терминалдардың жұмысы тоқтатылды.
"Осыған байланысты ҚТЖ ағымдағы жылдың 25 желтоқсанына дейін Достық шекара өткелі арқылы контейнерлерде, астық тасымалдаушыларда, жабық вагондарда астық жүктерін және цистерналарда өсімдік майларын қабылдауға тыйым салды", - деп атап өтті компания.
ҚТЖ 12 желтоқсанда ҚХР темір жол өкілдерімен жүктерді қабылдауды қайта бастау туралы шұғыл кеңес өткізді.