АСТАНА, 13 желтоқсан – Sputnik. Парламент мәжілісі Қырғызстанға Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасындағы өткізу бекеттерін жаңғыртуға тағы бір жыл уақыт беру туралы хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Хаттамада Қырғызстан үшін ЕАЭО кедендік шекарасындағы өткізу бекеттеріне жаңғырту жүргізу мерзімін 108 айға дейін ұзарту ұсынылады. Бүгінде оның мерзімі 96 ай.
"Қырғыз Республикасы ЕАЭО-ға өзінің қосылуы жөніндегі өтпелі ережелерге сәйкес, 24 ай ішінде одақтың кедендік шекарасындағы Қырғыз Республикасының барлық өткізу бекетін жаңғыртуды және материалдық-техникалық жарақтандыруды қамтамасыз етуді өз міндетіне алды. Бұл ретте хаттама үш рет ұзартылды. Дегенмен Қырғыз Республикасы көрсетілген мерзімдерде де орындамады", - деді вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Осыған байланысты 2023 жылғы 25 мамырда Мәскеу қаласында мемлекет басшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы аясында төртінші рет "96 айдан" "108 айға" өзгеріс енгізу туралы хаттамаға қол қойды, яғни 2024 жылғы 12 тамызға дейін ұзартылады.
Қазіргі таңда 13 өткізу пункті толығымен жаңғыртылған. Бірақ қырғыз-тәжік шекарасындағы 1 өткізу пункті бойынша жұмыс аяқталған жоқ.
Мәжіліс депутаттары 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.