Қазақстанда зейнетақының орташа мөлшері қанша

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 3 трлн 33,7 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді
Sputnik
АСТАНА, 13 желтоқсан – Sputnik. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 838 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82 950 теңге, базалық зейнетақы – 37 888 теңге, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері республикалық бюджеттен 3 трлн 33,7 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 930,6 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 2 трлн 103,1 млрд теңге қарастырылған.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша елімізде 2 млн 328 мың зейнеткер тұрады.
Еске сала кетейік, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-іне тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ке артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80%-ін құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 100% белгіленеді.
Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады, деп түсіндірді министрлік.