АСТАНА, 13 желтоқсан – Sputnik. Инвестициялық штабтың барлық шешімін енді мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар міндетті түрде орындауы қажет. Бұл туралы жаңа форматта өткізілген Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңестің отырысында айтылды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары, штаб төрағасыРоман Склярдың айтуынша, бүгінгі таңда үкімет алдында 2029 жылға қарай экономика көлемін $450 млрд-қа дейін, яғни 2 есеге дейін ұлғайту жөнінде міндет тұр.
"Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін елге кемінде $150 млрд шетелдік инвестиция тарту қажет", - деп хабарлады үкімет.
Инвестициялық штабтың тапсырмалары тиісінше орындалмаған жағдайда жауапты тұлғалар, оның ішінде саяси мемлекеттік қызметшілер жұмыстан кетуге дейін жауапқа тартылады.
Сонымен қатар қойылған міндеттерді орындамағаны үшін кеңес мүшелерінің де, орталық, жергілікті атқарушы органдар басшыларының, квазимемлекеттік сектор нысандарының да жауапкершілігі едәуір артады.
Инвестициялық штаб өңдеуші салада кемінде 15 ірі жобаны іске асыру мәселелерін қарады, олар жаңа өсу нүктелеріне айналуы және елдің өнеркәсіптік негізін қалыптастыруы тиіс. Болашақта мультипликативті әсерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін ШОБ-ты тарта отырып, олардың айналасында аралас салалар мен өндірістердің тұтас экожүйесін құру жоспарланып отыр. Қысқа мерзімде кеңестің қарауында болатын жобалардың соңғы тізбесін жасау тапсырылды. Тізбе бекітілгеннен кейін олардың әрқайсысы бойынша тиісті іс-шаралар жоспарларын қалыптастыру керек.
Отырысқа екі ірі инвестициялық жобаны іске асырудың проблемалық мәселелері шығарылды – құны $98 млн болатын Goknur Gida түрік компаниясының органикалық шырындар мен езбе өндіру зауыты және нидерландтық Farm Frites компаниясының ($145 млн) фри картобын өндіру кәсіпорны. АШМ, Жамбыл және Алматы облыстарының әкімдіктері осы бастамаларды іске асыруды кешіктіруге жол бергені айтылды.