АСТАНА, 12 желтоқсан – Sputnik. Биылғы жылдың он бір айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,9%-ке өсті. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Биыл қантар-қараша айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ті құрады. Оның ішінде нақты сектор – 3,5%-ке, ал қызмет көрсету саласы – 5,6%-ке өсті. Салалар арасында ең жоғары өсімді құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ көлік және қоймалау көрсетті", - деді Қуантыров үкімет отырысында.
Айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 14,6% болды. Инвестициялар ағыны ақпарат және байланыста – 2,8 есеге, көлік және қоймалауда – 58%-ке, саудада – 34%-ке, білім беруде – 17%-ке, ауыл шаруашылығында – 11%-ке, сондай-ақ өнеркәсіпте – 8,5%-ке, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 4,6%-ке өсті.
Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Маңғыстау, Түркістан, Абай және Павлодар облыстарында байқалды.
Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-қазанда сыртқы сауда тауар айналымы 2,6%-ке өсіп, 114 млрд доллардан асты. Экспорт 65 млрд долларға, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 21 млрд долларға жуықтады. Тауарлар импорты 49 млрд долларды құрады. Жалпы, оң сауда балансы 15 млрд доллардан асты.
Министр өңдеу өнеркәсібінде де оң өсім сақталып отырғанын атап өтті. Өндіріс көлемі 3,4%-ке өскен. Машина жасау өндірісі 27%-ке жуық, оның ішінде автомобиль жасау – 41%-ке және электр жабдықтарын жасау – 32%-ке ұлғайды.
Сондай-ақ азық-түлік, металл бұйымдары, құрылыс материалдары, пластмасса бұйымдары, жеңіл өнеркәсіп пен жиһаз өндірісінде де оң өсім тіркелген.
Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5,2%-ке жоғарлады. Бұл ретте газ өндіру – 12%-ке, мұнай өндіру – 7,8%-ке, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру –13%-ке өсті. Металл кендерін өндіру – 0,5%-ке, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 2,6%-ке, көмір өндіру 5,8%-ке төмендеді.