АСТАНА, 12 желтоқсан – Sputnik. Биылғы қаңтар – қараша айларының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірістер бойынша жоспары 98,6%-ке орындалды. Бұл туралы вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр осы жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштеріне тоқталды.
"Мемлекеттік бюджетке түскен кірістердің сомасы 18,2 трлн теңгені құрады немесе жоспар 98,6%-ке орындалды. Республикалық бюджетке 12,6 трлн теңгеге жуық қаражат түсті. Жоспар 94,4%-ке орындалды", - деді Жамаубаев үкімет отырысында.
Айтуынша, жоспардың жүз пайыз орындалмауы негізінен салықтарға тиесілі. Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығы, импортқа салынатын қосылған құн салығы, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық және шикі мұнайға экспорттық кеден бажы есебінен қалыптасты.
Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 272 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 24%-ке азаюымен байланысты.
Импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмау себептері:
тауарлардың жекелеген топтары бойынша импорт көлемінің төмендеуі;
Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемінің 9%-ке азаюы.
Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орта есеппен 12%-ке төмендеуі әсер еткен.
Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 8%-ке төмендеуімен байланысты болды.
Салықтық емес түсімдер бойынша асыра орындау акциялардың мемлекеттік пакетіне дивидендтер есебінен қалыптасты.
"Жергілікті бюджеттердің кірістері 109,2%-ке атқарылды және 5,7 трлн теңгені құрады. Жоспар 478 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 425 млрд теңгеге асыра орындалды", - деді вице-премьер.
Айтуынша, Алматы облысынан басқа барлық өңірде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалып отыр.