ЕАЭО-да бизнеске арналған "бірыңғай терезеге" қатысты ұсыныстар дайындалды

Жаңа құжат Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға көмектеседі
Sputnik
АСТАНА, 12 желтоқсан – Sputnik. Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы ЕАЭО елдеріне "бизнесті құру және жүргізу үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау туралы" ұсынысты мақұлдады, деп хабарлады комиссияның баспасөз қызметі.
"Ұсынысты Одақ елдерінің бизнес-қауымдастығы оң бағалады", – деді ЕЭК экономика және қаржы саясаты министрі Бақытжан Сағынтаев.
Құжат "бірыңғай терезе" қағидатын қолдануды, мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылы кезінде цифрландыруды жүзеге асыруды, заңды тұлғаларды тіркеу және тарату мерзімдерін қысқартуды, бақылау-қадағалау рәсімдерін жетілдіруді және басқа да шараларды көздейді.
Ұсынымды іске асыру одақ елдеріндегі кәсіпкерлік қызмет жағдайларын және ЕАЭО-дағы іскерлік ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді, деп есептейді комиссия.
Баспасөз қызметінің айтуынша, құжат Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленді.
Ұсынымды әзірлеу туралы жоспарда және нақты тармақта одақ елдерінде үздік халықаралық және Ұлттық тәжірибелерді ескере отырып, іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту көзделген, деп толықтырды комиссия.