Үкімет диқандардан астық сатып алуға 31,4 млрд теңге бөлді

Биыл 16,9 млн га алқаптан дәнді және бұршақ дақылдары жиналды
Sputnik
АСТАНА, 11 желтоқсан – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет резервінен отандық аграрийлерден 4-ші, 5-класты және классыз бидай сатып алуға қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойды.
"Қаражат Азық-түлік корпорациясының қазақстандық аграрийлерден 350 мың тонна 4-ші, 5-класты және классыз бидайды тікелей сатып алуына бөлініп отыр. Қаражат көлемі 31 млрд 375 млн теңгені құрайды", - деп жазылған үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Биыл 16,9 млн га алқаптан дәнді және бұршақ дақылдары жиналды. 9,8 ц/га орташа өнімділікте 16,6 млн тонна бидай, оның ішінде орташа өнімділігі 8,6 ц/га 11,5 млн тоннаға жуық астық бастырылды.
Сонымен қатар егін орағы кезінде үздіксіз жауған жауын-шашын жұмыстың қарқыны мен өнім сапасына әсер етіп, шаруалар қиын жағдайға тап болды. Орын алған жағдай ауыл тұрғындарының жиналған өнімді өткізуіне, сәйкесінше, келісімшарттар бойынша міндеттемелерін орындауға кері әсерін тигізді.
Қазіргі уақытта өткен жылдан қалған көлем мен ішкі тұтынуды ескере отырып, жиналған өнім отандық нарықты қамтамасыз етуге және белгілі бір көлемде экспортқа, оның ішінде ұн түрінде жөнелтуге жеткілікті.
Еске салайық, жалпы 2023 жылы Үкімет АӨК-ті субсидиялауға барлық көзден 494 млрд теңге, оның ішінде үкімет резервінен өсімдік және мал шаруашылығын субсидиялауға қосымша 60 млрд теңге бөлді.
Сондай-ақ "Ауыл аманаты" бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бағытталды.