Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және азаптауға қарсы күресті күшейтуді тапсырды

Үкімет жарты жылда бір рет жұмыс нәтижесі туралы есеп беруі керек
Sputnik
АСТАНА, 9 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Адам құқығы мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы" жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Ақорда.
"Жоспарда гендерлік теңдікті күшейтуге, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске, қылмыстық сот төрелігі саласында азаматтарды қорғауға, азаптау мен қатыгездіктің алдын алуға бағытталған бірқатар шара қамтылған", - деп атап өтті Тоқаев.
Бірлесу бостандығы құқығы мен еңбек құқығын, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жолдары қарастырылған.
Құжат адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтады. Жоспарды жүзеге асыру шеңберінде тиісті заңдар қабылданады.
Сонымен қатар Тоқаев үкіметке Іс-шаралар жоспарын орындау барысы туралы ақпаратты президент әкімшілігіне жарты жылда бір рет (15 шілдеге дейін және 5 қаңтарға дейін) ұсынуды тапсырды.
Сондай-ақ Қазақстанда гендерлік теңдік мәселелері бойынша әкімнің штаттан тыс кеңесшісі қызметі пайда болады.