АСТАНА, 9 желтоқсан – Sputnik. "Астана Опера" театрының сахнасында "Русские сезоны" халықаралық жобасының жабылу салтанаты өтті.
Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева
© Sputnik / Санат Имангалиев
"Алдағы жылы Қазақстанда Ресейдің танымал әртістері мен жетекші шығармашылық топтарының қатысуымен бірқатар мәдени іс-шаралар жоспарланып отыр", - деді Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Ал РФ мәдениет вице-министрі Андрей Малышев фестиваль Ресейдің бай мәдениетін көршілер мен дос елдерге көрсетуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
"Бүгінгі достық концертімен ынтымақтастығымыз тоқтап қалмайды деп үміттенемін. Шындығында, бұл бастамасы ғана", - деді ол.
"Русские сезоны" фестивалінің жабылуы аясындағы "Екі астана дуэті" концерті алдындағы көрме
© Sputnik / Санат Имангалиев
"Екі астана дуэті" гала-концертін Мәскеудегі Дмитрий Бертманның "Геликон-Опера" музыкалық театры "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрының ұжымымен бірлесіп ұйымдастырды.
Чайковский, Верди, Россини, Даргомыжский, Бизе, Пуччини, Оффенбах операларынан алынған әйгілі дуэттерде атақты солистердің дауысы тоғысады. Геликондықтар алғаш рет қазақ тілінде ән шырқады.
"Хор әртістері қазақ тілінде бірнеше нөмірді үйренді. Оңай болды деп айтпас едім. Тіл өте әдемі, бірақ қиын. Бір ай бойы репетиция жасадық. Бізде сөзді дұрыс айтуды үйрететін коуч болды. Жақсы өнер көрсеттік деп үміттенемін", - деп атап өтті жабылу салтанатының директоры Илья Ильин.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова, Азамат Жылтыркөзов, Медет Шотабаев ресейлік әріптестерімен бірге көрермендер алдында өнер көрсетіп келеді.
"Русские сезоны" фестивалінің жабылуы аясындағы "Екі астана дуэті" концерті алдындағы көрме
© Sputnik / Санат Имангалиев
"Осындай қиын-қыстау кезеңде мәдени жағынан байып, дамып жатқанымыз өте маңызды. Ресей біздің көршіміз, бауырлас ел. Мұндай мәдени алмасулар жиі болып тұруы керек. Өнерде шекара жоқ", - деді "Астана Опера" театры опера труппасының директоры Азамат Жылтыркөзов.
Кеш бағдарламасында:
А.Жұбанов, Л.Хамидидің "Абай" операсынан ария,
М.Төлебаевтың "Біржан мен Сара" операсынан дуэт пен хор,
"Геликон-опера" театры хорының өнері,
"Астана Опера" театры симфониялық оркестрінің аккомпанементі.
Музыкалық қойылымды екі дирижер – "Геликон-операның" бас дирижері, Мәскеу сыйлығының лауреаты Валерий Кирьянов және "Астана Опера" театрының дирижері Руслан Баймурзин жүргізеді.
"Русские сезоны" фестивалінің жабылуы аясындағы "Екі астана дуэті" концерті алдындағы көрме
© Sputnik / Санат Имангалиев
"Астана Опера" театрында "Арт-маскарад" атты театрлық киімдердің эксклюзивті көрмесі ұйымдастырылады.
Жобаның авторы - Санкт-Петербургтен келген суретші Ника Велегжанинова.
"Русские сезоны" Қазақстанда 2023 жылдың наурыз айында КСРО халық әртісі Юрий Башметтің жетекшілігімен Бүкілресейлік жастар симфониялық оркестрінің "Чайковский-гала" бағдарламасымен ашылды.
Содан бері республиканың әртүрлі алаңдарында 30-ға жуық іс-шара өткізілді.