Қазақстанның мәдениет министрі мен Ресей елшісі жастар саясатын талқылады

Ведомство басшысы мен дипломат креативті индустрия саладағы жобаларды да қарастырды
Sputnik
АСТАНА, 8 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкинмен кездесуде жастар саясаты саласындағы даму бойынша ұсыныстарды талқылады.
"Тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз және сенімді қарым-қатынастарды атап өтті", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Аида Балаева мен Алексей Бородавкин креативті индустрияны дамыту және басқа да маңызды салалардағы өзара іс-қимылды күшейту бойынша ұсыныстарын айтты, деп хабарлады министрлік.
Елші бір күн бұрын Ресей президенті Владимир Путиннің жарлығымен мәдениеттерді, ұлттар мен халықтарды жақындастырудағы жемісті қызметі үшін марапатталған "Астана Опера" театрының басшысына Пушкин медалін табыстады.