Қазақстан ЕАЭО елдерінің ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді ең көп қысқартқан

Дегенмен Еуразиялық одақ статистикасы мамандары жалпы одақ бойынша ауылдағы өндіріс өскенін анықтады
Sputnik
АСТАНА, 8 желтоқсан – Sputnik. 2023 жылдың он айында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру Қазақстанда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ЕАЭО-ның басқа елдеріне қарағанда көбірек төмендеді, деп хабарлады Еуразиялық экономикалық комиссияның статистика департаменті.
Мәселен, Қазақстанда 1 қарашадағы жағдай бойынша ауыл, балық және орман шаруашылығы өнімдерін өндіру 2022 жылғы деңгейдің 91,4%-ын құрады.
"2023 жылдың қаңтар-қазанында ЕАЭО-да барлық санаттағы шаруашылықтағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 2022 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда 0,5%-ға өсті. Ресейде, Беларусьте және Қырғызстанда өсім байқалды, Қазақстанда төмендеу байқалды", - деп жазылған ЕЭК хабарламасында.
ЕАЭО елдерінде ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау аяқталуға жақын, деп хабарлады комиссиядағылар.
"ЕЭК мәліметіне сәйкес, 1 қарашадағы жағдай бойынша ЕАЭО-да бастапқы тіркелген салмақта астық жинау өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,8%-ға төмендеді. Бұл ретте картоп 4,8%-ға, көкөніс 1,4%-ға көп жиналды", - деген дерек ұсынды статистика департаменті.
2023 жылдың он айында ЕАЭО мал шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру артты: союға арналған мал мен құс (тірі салмақта) 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3%-ға, сүт – 2,9%-ға, жұмыртқа 1,0%-ға ұлғайды.
"ЕАЭО-ға мүше барлық елде (Армения бойынша мәліметтерді қоспағанда) союға арналған мал мен құс етін (тірі салмақта) және сүт өндірудің ұлғаюы байқалды. Қырғызстан мен Ресейде жұмыртқа өндірісі ұлғайса, Беларусь пен Қазақстанда азаюы байқалды", - деп хабарлады департамент.
Сонымен қатар статистика мамандары атап өткендей, Қазақстанда жұмыртқа өндіру пайыздық көрсеткіште өткен жылдың сәйкес кезеңіне шаққанда 98,3%-ды ғана құраған, он айда республикада 4148,8 миллион дана жұмыртқа өндірілген. Бұл Ресейден кейінгі екінші көрсеткіш – көрші елде 39252,4 миллион дана жұмыртқа өндірілген.