Біздің ауруханаға жыл сайын ата-анасы бас тартқан 10 шақты баланы әкеледі – дәрігер

Баласынан бас тартып, артынан іздеп келген бір де бір ата-ананы осы уақытқа дейін көрмедік, дейді мамандар
Sputnik
АЛМАТЫ, 8 желтоқсан – Sputnik. Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылында орналасқан Клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханаға жыл сайын ата-анасы бас тартқан он шақты бала келеді. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне балалар бөлімінің меңгерушісі Рысгүл Дыханова айтты.
Оның айтуынша, таяуда ғана шешесі бас тартқан екі баланың мәселесі қоғамда талқыға түскен. Оқиғаны әлеуметтік желіге ауруханада баласын емдетіп жатқан әйел салған. Содан бері Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасының есігіне тыным жоқ.
"Бұл екі баланы 28 қарашада полиция қызметкерлері алып келген. Бес жасар ұл мен 2 жасар қыз. Полицияның айтуынша, анасы "балаларды баға алмаймын" деген. Қарасай ауданында мұндай балаларға арналған орын жоқ, сол себепті ауруханаға алып келген. Қазіргі күні балаларға жеке бөлме беріп қойдық", - дейді балалар бөлімінің меңгерушісі Рысгүл Дыханова.
Ұлдың аты – Артем. Ержеткенде полиция боламын дейді. Айтуынша, өзін ары бері тасып жүрген полицейдің погоны ұнап қалыпты. Мінезі ширақ, анасын іздеп жылаған қарындасын айналып-толғанып жүр. Есіктен кіргенге елегізи қарайды. Анасын туралы пікірі асқақ.
Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы
Вирус жайлап, науқасты сыйғыза алмай жатқанда тастанды балалардың тауқыметі дәрігерлерді де тығырыққа тіреген.
"Қазір балалар арасында инфекция көп, ауруханаға жаппай түсіп жатыр. Балалар бөлімшесі 40 төсекке арналған. Ал қазіргі күні 60 сырқат бар. Сыймай жатыр. Жеке палата беріп, екі баланы ғана жатқызу бізге де оңай емес, өйткені орын жетпей жатыр", - дейді бөлім меңгерушісі.
Ағалы-қарындасты қос бүлдіршіннің мәселесі қашан шешілетіні, қай жерден баспана бұйыратыны әлі белгісіз. Ол үшін сот отырысы болу керек. Ал соттың қашан болатынын дөп басып айту тіпті мүмкін емес. Десе де Шамалған ауылындағы аурухана дәрігерлерінің мұндай қарбаласқа еті үйренген.
"Алдында ата-анасы тастап кеткен 1 жасар бала ауруханада бір ай жатты. Мені "апа" деп кетті, сондай бауыр басып қалдым. Құжатын реттеп, балалар үйіне бір айдан соң алып кетті. Үш баласын бірдей тастап кететіндер де бар. Сондай бір оқиға болды, әке-шешесі ішкілікке салынып, балаларынан бас тартқан. Үш баланың үлкені 14 жаста. Жасөспірім қыз "мамама барам, жатпаймын" деп ауруханадан қашумен болды. Біз полициямен бірге артынан қуып іздеп, әуреге түстік. Қызға әрең дегенде түсіндірдік. Екі бауырыңа ие бол деп айттық. Туған күні екен, содан жүгіріп барып торт әкеліп, туған күнін атап, балалардың көңілін көтердік", - дейді Рысгүл Дыханова.
Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы
Ауруханадағы тастанды балаларға демеушілер анда-санда памперс, киім, тамақ әкеп тұрады. Дәрігерлер қалтасынан ақша шығарып, керек-жарақпен қамтамасыз етуге мәжбүр.
Ойын баласы болған соң тар бөлмеде тығылып отырмасы анық. Далаға шыққысы келеді, тәтті тамақ жегісі келеді.
"Балалар манты жегім келді, лагман жегім келді" деп қыңқылдайды. Жемейсің деп қалай айтамыз, ол бала ғой. Аурухана мамандары үйінен түрлі тамақ пісіріп әкеледі. Біздің медицина мамандары жұмысы қауырт болса да осы балалардың күтімімен айналысады. Өйткені мәжбүрміз. Маман жетпей жатса да осындай балалардың күтімі үшін бір адамды бекітіп қоюға тура келеді", - дейді бөлім меңгерушісі.
Ата-анасына керек болмаған баланы әрі итеріп, бері тартып, полиция мен дәрігерлердің шекісіп қалатын кездері де болады.
"Кейде маскүнем мамаларды баласымен бірге алып келеді. Ол әйелдер азар да безер болып, ауруханадан қашады. Байлап ұстап отыра алмаймыз ғой. Полиция "неге алмайсыздар" деп бізге сөйлейді. Үнемі осындай қарбалас болып жатады. Ересек балалар қашады, бұл есігін құлыптап алатын мекеме емес. Сырқаттарды 24 сағат бойы әкеліп жатады. Сондай сәттерде уақытша әкелінген балалар не қашып кетіп, не шығып кетіп бір нәрсеге ұрынса, тағы біз кінәлі болып шығамыз", - дейді дәрігерлер.
Сөздің қысқасы қарасайлық ақ халаттылар ауру баланың да, анасыз баланың да қамын жасап жүр. Өйтпеске амалы жоқ.
"Мұндай жағдайлар соңғы кезде көбейіп жатыр. Баласын іздеп келген әке-шешені көрген емеспіз. Балаларды бізге полиция алып келеді, олар "әке-шешесі келсе бермеңіздер" дейді. Бірақ осы уақыт ішінде баласынан бас тартып, артынан іздеп келген бір де бір ата-ананы көрмедік. Жылына 10 шақты ата-анасыз баланы қабылдап аламыз, олар аурухана мекемесінде құжаты дайын болғанша жүреді",- дейді Рысгүл Дыханова.