"АрселорМиттал Теміртауға" тарихи атауы қайтарылуы мүмкін

"АрселорМиттал Теміртауды" қазақстандық кәсіпкер 44 жастағы Андрей Лаврентьев сатып алғаны белгілі болды
Sputnik
АСТАНА, 8 желтоқсан – Sputnik. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының атауы "Қармет" болып өзгеруі мүмкін. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, компанияға бұрынғы атауды қайтарған орынды болады.
"Біздің пікірімізше, оған "Қармет" тарихи атауын қайтарған дұрыс болады. Өңір тұрғындары мен қызметкерлер бізді қолдайды деп ойлаймын", деді Шарлапаев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бүгін "АрселорМиттал Теміртауды" қазақстандық кәсіпкер 44 жастағы Андрей Лаврентьев сатып алғаны белгілі болды. Жаңа инвестор компанияның қарызын өзі төлейді және барлық әлеуметтік міндеттемені орындайды.
"АрселорМиттал Теміртауды" сатып алу бойынша мәміле сомасы 286 млн долларды құраған. Бірақ бастапқыда ArcelorMittal активтер үшін 3,5 млрд доллар сұраған.
11 раундқа созылған келіссөздер нәтижесінде Қазақстан үкіметі мен ArcelorMittal мемлекеттік Qazaqstan Investment Corporation тікелей инвестициялар қорының "АрселорМиттал Теміртаудың" барлық металлургиялық кәсіпорны мен Ақтаудағы құбыр зауытын сатып алуы туралы уағдаласқан.