Абай облысында 319 мың тонна астық бастырылды

Өңір шаруалары 168,6 мың тонна картоп, 93 мың тонна көкөніс, 51,3 мың тонна бақша өнімдерін жинады
Sputnik
АСТАНА, 8 желтоқсан – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Абай облысына жұмыс сапары кезінде шаруалармен аграрлық секторды дамытудың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.
Өңірде дихандар жалпы ауданы 290,5 мың га егіс алқабынан 319 мың тонна астық бастырды. Биыл дәнді дақылдар 315 мың гектарға егіліп, гектарына 329,1 центнер өнімділігімен 10,5 мың тонна қамбаға құйылды.
Абай облысының шаруалары 168,6 мың тонна картоп, 93 мың тонна көкөніс, 51,3 мың тонна бақша өнімдерін жинады.
"Биыл егін жинау науқанында ауа райы қиындық келтірді. Осыған қарамастан, шаруалардың еңбегінің арқасында жалпы ауданы 17,1 млн га-дан 17 млн га дәнді және бұршақты дақыл жиналды. Өнімділігі гектарына 9,8 центнерден 16,6 млн тонна бастырылды. Бұл өткен жылдың ауыспалы қалдықтарын есепке алғанда ішкі нарықты толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті ", - деп атап өтті министр.
Айдарбек Сапаров мемлекет агроөнеркәсіп кешенін барынша қолдайтынын жеткізді. Қолдаудың арқасында биыл Абай облысы 14,4 мың тонна жеңілдікті дизель отынын алды, оның ішінде 6,3 мың тонна жемшөп дайындауға бағытталған.
Міндеттемелерді орындау мерзімін ұзартуға 579,9 млн теңгенің 23 өтінімі келіп түсті. Қазірдің өзінде 382,6 млн теңгеге 19 өтінім мақұлданды.
Министр өңірдегі "Qazaq-astyq Group" ЖШС жұмысымен танысты. Бүгінде кәсіпорын тәулігіне 1 200 тонна күнбағыс тұқымын өңдейді. Қазір өндіріс орны дайын күнбағыс майын тазарту және құю цехын іске қосуға дайындалуда.
"Біз өңдеу саласын ынталандыру үшін дәнді дақылдарды шығаруға баж салығын енгіздік. Қайта өңдеуші ретінде сіз өндірушілер үшін әділ баға белгілейтініңізге сенімдімін. Біз ең алдымен, фермерлер мен қайта өңдеу кәсіпорындары арасындағы серіктестіктің өзара тиімді қарым-қатынасқа айналуына мүдделіміз. Екі тарап та мемлекеттік қолдауға ие болады", - деп толықтырды Айдарбек Сапаров,
Еліміздің өзге өңірлері секілді Абай облысында жалпы қуаты 800 бас және 5,6 мың тоннадан астам сүт өндіретін екі сүт-тауар фермасы салынады.
Астық қоры елді нанмен толық қамтамасыз етуге жетеді – министр