Скляр Инвестициялық штабтың жаңа форматтағы алғашқы отырысын өткізді

Инвестициялық штабта нақты инвестициялық жобаларды іске асырудың өзекті мәселелері талқыланды
Sputnik
АСТАНА, 7 желтоқсан – Sputnik. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Инвестициялық штабтың жаңа форматтағы алғашқы отырысын өткізді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
"Осы жылдың желтоқсан айының басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Инвестициялар тарту жөніндегі кеңеске (Инвестициялық штабқа) ерекше өкілеттіктер беретін жарлыққа қол қойды", - деп еске салды баспасөз қызметі.
Роман Склярдың айтуынша, инвестициялық штаб мүшелерінің алдына инвестициялық жобаларды жедел түрде іске асыру және жалпы инвестицияларды тарту бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру міндеті қойылып отыр.
"Инвестициялық штабтың негізгі міндеттерінің бірі – барлық деңгейдегі инвестициялық жобалардың проблемалық мәселелерін шешу. Ол үшін қажетті құралдар мен өкілеттіктердің барлығы бар", — деді бірінші вице-премьер.
Сонымен қатар Скляр орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижелері үшін жауапкершілігі күшейтілгенін атап өтті.
Отырыс барысында Инвестициялық штаб қызметінің жаңа тәсілдері қаралып, нақты инвестициялық жобаларды іске асырудың өзекті мәселелері талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша Роман Скляр инвесторлардың барлық проблемалық мәселесін қысқа мерзімде шешу үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға бірқатар қажетті тапсырма берді.