АСТАНА, 7 желтоқсан – Sputnik. Сенат Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісімге өзгерісті ратификациялады.
Қазақстан белгілі бір квоталар шеңберінде Ресей мұнай өнімдерінің әртүрлі түрлерін импорттайды:
автобензин,
авиаотын,
дизель отыны және басқалар.
Бұрын Ресейден Қазақстанға жеткізілетін өнім экспорттық кедендік баждар алынбай кедендік декларациялауға жататын. 2019 жылы Ресей уақытша мерзімді декларациялауды тоқтатты, бірақ статистикалық есепке алуды жалғастырды.
Бұл шешім тауарлардың бір партиясын бірнеше бөлікке бөліп экспорттауға әкелді. Бұл Ресейде монополиялық экспорттаушының пайда болуына әкеп соқты, сондай-ақ қазақстандық кәсіпкерлерді ресейлік мұнай өнімдерін жеткізушілерді немесе сатушыларды таңдауда шектеді.
"Қаралып отырған заңда 3-бапқа Ресейден Қазақстанға әкетілетін мұнай мен мұнай өнімдеріне қатысты уақытша мерзімді декларациялаудың күшін жою бөлігінде өзгеріс енгізіледі", - деп түсіндірді сенатор Бауыржан Қаниев.
Алайда, өзгеріс екі жолмен экспортталатын мұнай мен мұнай өнімдеріне қатысты емес:
- керек-жарақ ретінде әкету. Оларды декларациялау көліктерді кедендік декларациялау арқылы жүзеге асырылады;
- 2022-2024 жылдары құбырлар арқылы әкету, бұл мәселе екіжақты келісіммен реттеледі.
"Заң қазақстандық кәсіпкерлерге баға белгілеу және жеткізу мерзімдері бөлігінде өз мүдделерін ескере отырып, мұнай өнімдерін еркін сатып алуға мүмкіндік береді. Заңды қарау барысында сенаттың тұрақты комитеттерінен ескертулер мен ұсыныстар түскен жоқ", - деді Қаниев.
Заң Қазақстанның мұнай өнімдерінің импортына тәуелділігі мәселесін одан әрі өзектендіреді, деп түсіндірді депутат Ләззат Рысбекова.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, осы жылдың 10 айында тұтыну өндірістен асып кеткен:
Автобензин – 9 мың тоннаға,
Авиакеросин – 231 мың тоннаға,
Дизель отыны – 499 мың тоннаға.
"Қазақстанда мұнай өнімдерінің толық өндірілмеуі жоғарыда көрсетілген кезеңде көлемі 740 мың тонна импорттық жеткізілімдер есебінен жабылатын тапшылыққа алып келеді. Талдау көрсеткендей, жағдай жыл сайын нашарлайды", - деп жалғастырды Рысбекова.
Оның айтуынша, 2019 жылы Қазақстанға 376 мың тонна автобензин, 38,1 мың тонна авиакеросин және 314,5 мың тонна дизель отыны әкелінген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2 есе аз, деп қосты ол.
"Мұнай өнімдерінің тапшылығы отандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудан кейін де шешілмеген күйінде қалып отыр", - деп қорытындылады сенатор.
Сондықтан үкіметтер мұнай өнімдерінің тапшылығы проблемаларын импорттық жеткізілімдер арқылы емес, ішкі нарықтың қажеттіліктерін тек өз өндірісінің есебінен қамтамасыз етуі керек.