Кейінгі 5 жылдың ішінде фармацевтикалық нарықтың көлемі 2 есеге артты

2019 жылдан бастап денсаулық сақтау саласына бөлінетін ақшалай қаражаттың көлемі екі есе өсті
Sputnik
АСТАНА, 7 желтоқсан – Sputnik. Кейінгі 5 жылдың ішінде Қазақстанда фармацевтикалық нарықтың көлемі 2 есеге, ақшалай 1 млрд доллардан 2 млрд долларға дейін ұлғайды. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілерімен кездесу барысында айтты, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Оның мәліметінше, он жылдың ішінде фармацевтика саласына салынған инвестицияның көлемі 6 есеге, 7 млн доллардан 44 млн долларға дейін өсті. Сондай-ақ, дәрілік өнім өндірісі 2019 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде екі есеге ұлғайды.
"Денсаулық сақтау министрлігінің алдына 2029 жылға қарай отандық өндірістегі дәрі-дәрмектердің үлесін ішкі нарықта 50%-ға дейін жеткізу міндеті қойылды",-деп атап өтті вице-министр.
Оған қол жеткізу үшін министрлік екі бағыт: НҚА-ны жетілдіру және BIGPHARMA компанияларын тарту бойынша жұмыс істеп жатыр.
"Қазақстан аумағындағы өндіріске шетелдік компанияларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Түпнұсқа препараттар өндірісін орналастыру дәрі-дәрмектің қолжетімділігін арттырады, бұл әлеуметтік мәні бар инфекциялық аурулардан болатын өлімнің деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді", - деп толықтырды Бүркітбаев.
2019 жылдан бастап денсаулық сақтау саласына бөлінетін ақшалай қаражаттың көлемі екі есе өсті. Бұл нозологиялар мен дәрі-дәрмектің санын 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді, пациенттерді қамту бір жарым есеге артты.
МӘМС бюджет қаражаты мен активтері есебінен медициналық көмек көрсетуге арналған шығыстар жыл сайын өсуде және биыл 2,5 трлн теңгені құрайды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1,7 есе өскенін білдіреді, яғни денсаулық сақтауды қаржыландырудың жыл сайынғы өсімі орта есеппен 20%-ды құрайды.