ЕАЭО-дағы көлік дәліздері кешенді түрде дамиды

Еуразиялық одақ аумағы арқылы көлік бағыттарын дамытудың нысаналы индикаторлары және олардың паспортын дайындаудың бірыңғай тәсілдері ұйымның барлық еліне ортақ құжатқа біріктірілді
Sputnik
АСТАНА, 7 желтоқсан – Sputnik. ЕАЭО 2025 жылға дейін одақтың көлік дәліздерін дамытудың кешенді жоспарын бекітті, деп хабарлады Еуразиялық экономикалық комиссия.
"Құжат 10 шараны қамтиды және "бестік" елдері мен көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі комиссия жұмысының барлық дерлік аспектілерін қамтитын ЕАЭО көлік саясатының негізгі ережелерін іске асыруға бағытталған", - деп жазылған хабарламада.
ЕЭК энергетика және инфрақұрылым министрі Арзыбек Қожошевтың айтуынша, бұл – одақ елдері үшін өте маңызды құжат.
"Бұл ЕАЭО-ның бірыңғай көлік кеңістігін одан әрі қалыптастыру, "бестік" елдерінің көлік жүйелерін жаһандық көлік жүйесіне біріктіру, одақ аясында транзиттік әлеуетті іске асыру және дамыту үшін қажет", - деді ол.
Комиссия мәліметінше, бұл жоспар тізбесі 2021 жылы бекітілген еуразиялық көлік дәліздерін құру және дамыту жөніндегі жұмыстың жалғасы болып отыр.
"Құжат 2021-2023 жылдарға арналған ЕАЭО елдерінің үйлестірілген көлік саясатын іске асырудың негізгі бағыттары мен кезеңдерін іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес дайындалды", - деп мәлімдеді ЕЭК.
Бұл еуразиялық көлік дәліздерін дамытудың мақсатты индикаторларын әзірлеу және осы бағыттар бойынша паспорттарды дайындау, кедергілерді анықтау және жою туралы болып отыр.
Құжат еуразиялық көлік дәліздерінің тізбесіне енгізілген автомобиль, теміржол және порт инфрақұрылымын дамыту бойынша одақтың әрбір елі туралы ақпаратты ескере отырып әзірленді.
Осы ақпаратты тұрақты негізде жаңарту жоспарлануда, бұл жоспарда белгіленген іс-шаралардың орындалуын бақылауға мүмкіндік береді, деп хабарлады комиссиядағылар.