АСТАНА, 6 желтоқсан - Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровты туған күнімен құттықтап, жеделхат жолдады, деп хабарлайды қырғыз басшысының баспасөз қызметі.
"Бүгінде бауырлас Қырғызстан сіздің абыройлы басшылығыңыздың арқасында елдің тұрақты өсіуі мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастамаларыңыз бен реформаларыңызды сәтті жүзеге асыруда", - делінген құттықтау жеделхатында.
Тоқаев Қырғызстанның алдағы уақытта да сенімді түрде алға жылжып, қуатты және гүлденген мемлекет құру бойынша биік мақсаттарын табысты жүзеге асыратынына сенімді. Ол Садыр Жапаровтың сан ғасырлық достық, тату көршілік және өзара қолдау рухында үздіксіз дамып келе жатқан қазақ-қырғыз стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарын нығайтуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалады.
"Біз бірлескен күш-жігер арқылы жетістіктерімізді арттырып, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы көп қырлы мемлекетаралық байланыстарды сапалы жаңа деңгейге шығаратынымызға сенімдімін", - деп атап өтті Қазақстан басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз әріптесіне бауырлас Қырғызстан халқының игілігі үшін жауапты мемлекеттік қызметінде одан әрі табысты болуын тіледі, деп хабарлады Жапаровтың баспасөз қызметі.