Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы петиция ескерусіз қалмайды - министр

Аида Балаева тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы 150 мың дауыс жинаған петиция туралы айтты
Sputnik
АСТАНА, 6 желтоқсан — Sputnik. Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 150 мың қазақстандық қол қойған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы петиция биліктің назарынан тыс қалмайтынын айтты.
"Онлайн өтініш берудің арнайы платформасы 2024 жылдың сәуірінде жұмыс істей бастайды. Осы петицияға қатысты "Қоғамдық бақылау туралы" Заңға сәйкес сипатталған рәсімдер қолданылмайды. Алайда, кез келген дауыс мемлекет үшін өте маңызды және біз қоғамның пікірін тыңдаймыз. Әсіресе адамдардың денсаулығы мен өміріне қатысты мәселелер назардан тыс қалмайды. Қазақстандықтардың мұндай мұң-мұқтажын елемеуге болмайды", - деп жазды министр әлеуметтік желіде.
Ол сондай-ақ петиция көптеген мемлекеттік органдардың басшыларының назарын аударғанын айтты.
"Тағы да қайталаймын: петиция мемлекеттік органдардың отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жұмысы кезінде міндетті түрде ескерілетін болады. Біз осы петицияны бастаған бірқатар сарапшылармен үнемі байланыста боламыз және олардың пікірлерін ескереміз", - деп қосты Балаева.
Балаеваның айтуынша, қазіргі уақытта үкіметтік деңгейде талқылаулар өтті. Бас прокуратураның үйлестіру кеңесінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл шаралары талқыланды, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия осы тақырып бойынша кешенді жоспар әзірлеп жатыр.
Бұған дейін әділет министрі Азамат Есқараев петицияның заңды күші жоқ екенін айтқан болатын.
"Мен 2021 жылғы петиция негізінде белгілі бір дауыс жинағанын білемін, бірақ ол жаңа платформа негізінде немесе қабылданған заңға сәйкес жасалмады. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан заңды басшылыққа алу керек деп санаймын. Заң қабылданды, ол қолданылады, оның негізінде жаңа платформа әзірленіп жатыр. Соның аясында жаңа платформаға сай петиция жасалу керек. Егер жұртшылық бұл мәселені қайта көтеріп, дауыс берсе біз заңға сәйкес қарауға міндеттіміз", - деді Есқараев мәжіліс аясында.
Естеріңізге сала кетейік, 2 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев петициялар институтын құруды көздейтін заңнамаға енгізілген түзетулерге қол қойды. Петицияны үкіметте қарау кем дегенде 50 мың дауыс жинауы керек.
Салтанат Нүкенованы қатыгездікпен өлтіргеннен кейін қазақстандықтар тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуға шақырған онлайн-петицияны іске қосты. Ол қазірдің өзінде 150 мыңнан астам қол жинады.