АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстан Иранға экспортталатын өнім тізбесін жалпы сомасы 250 млн доллар болатын тағы 75 түрлі тауарға кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Мұрат Нұртілеу Каспий маңы елдерінің сыртқы істер министрлерінің отырысы шеңберінде Иранның сыртқы істер министрі Хоссейн Амир Абдоллахианмен келіссөз жүргізді.
"Қазақстандық тарап экспортталатын өнім тізбесін жалпы сомасы 250 млн АҚШ долларын құрайтын 75 тауар позициясына кеңейтуге дайын екенін білдірді", - деп жазылған хабарламада.
Қазақстан мен Иран сыртқы істер министрлері екі елдің арасындағы қарым-қатынастардың жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Мұрат Нұртілеу Иран өңірдегі аса маңызды серіктестердің бірі екенін және біздің елдерімізді мәдени және тарихи мұраға негізделген бауырластық қатынастар байланыстыратынын атап өтті.
"Біздің екіжақты саяси диалогымыз өзара тиімді дамудың жоғары динамикасын көрсетіп отыр", – деді Нұртілеу.
Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жандандыруға ерекше назар аударылды.