АСТАНА, 6 желтоқсан — Sputnik. Қазақстан үкіметі мұнай-газ, мұнай-газ өңдеу, сондай-ақ мұнай-газ-химия салаларында 20 маңызды жобаны іске асыруға бағытталған кешенді жоспарды бекітті.
2023-2027 жылдарға арналған ірі жобаларды іске асыруға 37,3 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестициялар тарту көзделіп отыр.
"Құжатта 2027 жылға қарай Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында мұнай өндіру деңгейін 105,5 млн тоннаға дейін және газ өндіру деңгейін 82,1 млрд м3 дейін арттыруға бағытталған ірі мұнай-газ жобаларын іске асыру жоспарланған", - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, газ өңдеу зауыттарының құрылысы ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға айтарлықтай әсер етеді.
"2029 жылға қарай Шымкент мұнай өңдеу зауытында өндіріс қуаты 6-дан 12 млн тоннаға дейін артады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде елімізде жылына 18 млн тонна мұнай өнімдері өндірілетін болады", - делінген үкімет хабарламасында.
Зауытқа мұнай жеткізуді қамтамасыз ету үшін:
Кеңқияқ-Атырау мұнай құбырын жылына 6 млн-нан 15 млн тоннаға дейін;
Кеңқияқ-Құмкөл мұнай құбырын жылына 10 млн-нан 20 млн тоннаға дейін кеңейту жобалары іске асырылатын болады.
Мұнай-газ-химия саласына қатысты қуаты 9,1 млрд м3 газ тазартқыш кешенінің инфрақұрылымдық жобасымен қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін бірінші интеграцияланған газ-химия кешенін салу сияқты жобаларды іске асыру мұнай-газ және химия өнімдерін өндіру көлемін едәуір ұлғайтуға, ірі инвестициялар тартуға көмектеседі.
Сондай-ақ бұл Теңіз кен орны шикізатының барлық әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді.
Геологиялық барлау жобаларын іске асыру және кен орындарын игеру аясында инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 10 млрд АҚШ долларын құрайтын 7 жоба көзделген. Оның ішінде Қаламқас-теңіз және Хазар кен орындарын өндіру жұмыстарына дайындау, Өріктау газ конденсаты кен орнын дамыту, сондай-ақ Қаратон-Подсолевой – геологиялық барлаудың негізгі жобалары.