АЛМАТЫ, 6 желтоқсан – Sputnik. Көкшетауда алдағы үш айда жылу-энергетика орталығының құрылысы басталады. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов орталық коммуникциялар қызметіндегі брифингте айтты.
Ахметжановтың айтуынша, жаңа жылу орталығы көкшетаулықтардың электр энергиясына кететін шығындарын азайтады.
"Көкшетау қаласы, өкінішке орай, осы уақытқа дейін өзінің ЖЭО болмаған облыс орталықтарының бірі. Тұрғындар тіпті жаз мезгілінде де аристондар қолданады. Электр энергиясы шамадан тыс пайдаланылады. Біз тіпті арнайы есептеп те көрдік", - дейді облыс әкімі.
Үш жылда бітуге тиіс жоба туралы тиісті меморандумға қол да қойылған.
"13 шақырымға жуық жылумен жабдықтау желілері салынып, қайта жаңартылды. Осылайша, қосымша 49 көпқабатты тұрғын үй, 72 жеке және 12 әлеуметтік сала объектілері орталық жылумен жабдықтауға қосылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында үкіметпен бірлесіп Степногорск және Көкшетау қалаларын жылумен жабдықтау объектілерін жаңғырту бойынша шешімдер қабылданды",- деді облыс басшысы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Көкштеаудағы қолданыстағы екі жылу қазандығы бүкіл қаланы қамти алмайды. Қала көлемі болса барған сайын кеңейіп келеді, бұл аздай ескі қазандықтан шығатын қалдықтар көлемі де көңіл көншітпейді.
Облыс әкімі жаңа ЖЭО зиянды шығарындылардың ең аз мөлшерімен барлық халықаралық стандарттар бойынша салынатынын айтты. Жаңа қазандықтардағы шығарындылар қазіргіге қарағанда екі есе төмен болады.