АЛМАТЫ, 6 желтоқсан – Sputnik. Биыл отбасының цифрлық картасы арқылы 313 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Отбасының цифрлық картасы арқылы биыл жыл басынан бері 795 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызметтер көрсету үшін SMS-хабарлама жолданды. Өтініш берусіз 313 мыңнан астам адам жәрдемақы немесе төлемақы алды.
"Ал 64,6 мыңнан астам жұмыссыз азамат жұмыс іздеу туралы, тегін оқудан өту және жұмыспен қамту саласындағы басқа да мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат алды. Отбасының цифрлық картасында бүгінгі таңда Қазақстанның 20 млн азаматы немесе 6 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған", - дейді ведомсвто.
Цифрлық карта арқылы мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін ресімдеуге мүмкіндік бар.