Бұралқы иттерді бақылаудың тың жолы ұсынылды

Биыл жарты жылдың ішінде қаңғыбас иттер кәмелетке толмаған 81 баланы талап тастаған. Үш бүлдіршін қайтыс болды
Sputnik
АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова бұралқы иттерді бақылаудың тың жолын ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл жарты жылдың ішінде қаңғыбас иттер кәмелетке толмаған 81 баланы талап тастаған. Үш бүлдіршін қайтыс болды. Қайғылы жағдайлар Ақтөбе және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында тіркелді.
"Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жергілікті атқарушы органдар жауапты. Олар осы сынды оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында дереу шаралар қолдануға міндетті. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, қажетті қадамдар жеткіліксіз болып көрінеді", - деп жазды Оспанова әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазіргі жағдай балаларға, әсіресе, әлеуметтік осал отбасыларда тәрбиеленетін бүлдіршіндердің өмірі мен қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіріп отыр. Комитет қаңғыбас иттерді бақылау шараларын күшейтуге үндеді. Осыған байланысты бірнеше ұсыныс жасап отыр. Олар:
дрондар мен пилотсыз машиналар сияқты заманауи инновациялық технологияларды қолдана отырып, әр түрлі аудандар мен қалалардағы қаңғыбас иттердің шоғырлану орындарын үнемі бақылау;
өңірлердің әкімдіктері мен мәслихаттары отырыстарының күн тәртібіне ветеринариялық қызметтерді қаржыландыру туралы мәселелерді енгізу;
осы сынды фактілер бойынша мемлекеттік органдардың сенім телефондары мен "жедел желілері" арқылы азаматтардың өтініштері мен хабарламаларын қабылдауды ұйымдастыру.
"Қайғылы оқиғалар туралы хабарламалар әлі де келіп түсуде және оны елемеуге болмайды. Балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осындай жағдайлардың алдын алу үшін күш біріктіру қажет", - деп атап түйіндеді комитет басшысы.