АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Бакуда Қазақстанның Әзербайжандағы мәдениет күндері өтті. Қазақ-әзербайжан қарым-қатынастарын нығайту мақсатында өзара мәдени күндерді өткізу туралы тапсырманы биыл мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев берген болатын.
Мәдениет күндері аясында "Хассақ" этно-фольклорлық тобының жеке концерті мен Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театры қойған "Қаракөз" спектаклінің көрсетілімі ұйымдастырылды.
Қорытынды мәдени шаралар 2023 жылдың 4 желтоқсанында Гейдар Әлиев орталығында өтті. Мұнда Қазақстанның бейнелеу өнерінің көрмесі ашылды, онда әртүрлі жанрлар мен стильдерде жұмыс істейтін қазақстандық жас суретшілердің 46 бірегей жұмыстарының экспозициясы ұсынылды.
Министр Аида Балаева көрменің екі халықтың мәдени жаңғыруының көрінісі екенін атап өтті. Көрмеде кескіндеме, графика, кестелеу, сәндік-қолданбалы өнер сияқты бейнелеу өнерінің дәстүрлі түрлерімен қатар жаңа түрлері – инсталляциялар мен арт-нысандар қойылды.
Өз туындыларын көрмеге қойған суретшілердің қатарында Әсел Сабыржанқызы да болды. Жас суретші ерекше кілемге сурет салу техникасын қолданады. Соның ішінде түркі тарихынан 14 әйел бейнесін жасаған. Ол Әзербайжан кілем мұражайын аралап, көргенінен шабыттанып, көрнекті ақын Хуршидбану Натаванның портретін салды. Портрет Әзербайжан Мәжілісінің төрайымына табыс етілді.
Мәдениет күндері Қазақстан өнер шеберлерінің салтанатты гала-концертімен аяқталды. Шараға Әзербайжан Парламентінің Төрайымы Сахиба Гафарова, Министрлер, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, депутаттар, шет мемлекеттердің Елшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары, көптеген көрнекті мәдениет, ғылым және өнер қайраткерлері қатысты.
2024 жылы Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндері өтеді деп жоспарлануда.