АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Астанада дәрігерлер буын ауыстыру операцияларын алғаш рет робот ассистенттің көмегімен жоғары дәлдікпен жасады, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
"Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының дәрігерлері ресейлік биоинженерлермен бірге робот ассистенттің көмегімен 5 күрделі операция жасады", - деп жазылған хабарламада.
Дәрігерлердің айтуынша, пациенттер артроздың соңғы сатысында пайда болатын ауырсыну мен буын функциясының бұзылуынан зардап шеккен, бұл науқастың қимылын қиындатады, кейде тіпті пациенттер төсекке таңылады.
Операцияларды жасау үшін Америкада өндірілген бірегей роботтандырылған жүйе әкелінді.
Робот хирургпен бірге зақымдалған аймақты 3D сканерлеу арқылы барлық параметрді математикалық тұрғыдан мінсіз есептей отырып, эндопротезді имплантациялауға көмектеседі.
"Робототехника эндопротезді орнатуға қажетті отаны дененің бір бұрышында жасауға мүмкіндік береді. Имплантты мінсіз орнатқан кезде операцияның асқыну қаупі азаяды, ауырсыну тезірек басылады және буындағы қозғалыс амплитудасы артады", - деді эндопротездеу бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Қайрат Әшімов.
Қазіргі уақытта буындарды ауыстыру операциясы (эндопротездеу) әлемде ең жиі орындалады. Эндопротездеудің мәні - адамның зақымдалған буынын жасанды имплантпен алмастыру, ал эндопротезді дәл орнату керек. Қазақстанда мұндай операция жылына 15 000-нан астам пациентке жасалады.
Робот көмекшісін тұрақты негізде пайдалану мәселесі әлі шешілмеген, бірақ дәрігерлер робототехника жақын арада әрбір операциялық залда қолданылатынына сенімді.