АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Күні кеше ұсталған Астана қалалық жедел жәрдем станциясының басшысы қамауға алынды, деп хабарлайды елордалық соттың баспасөз қызметі.
"6 желтоқсанда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті "Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын басшысын 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады", - делінген хабарламада.
5 желтоқсанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі елордалық жедел жәрдем станциясының басшысының ұсталғаны туралы хабарлаған болатын. Кәсіпорын сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Мұрат Оразбаев – "Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын басшысы.