Тоқаев қазақстандық еріктілерге қолдау көрсетілетінін айтты

Бүгін – Халықаралық еріктілер күні
Sputnik
АСТАНА, 5 желтоқсан - Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Халықаралық еріктілер күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
"Бүгін – Халықаралық еріктілер күні. Біз өзгеге қол ұшын беретін жандарды әрдайым құрметтейміз. Еріктілер мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, тілектестік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді", - делінген мемлекет басшысының құттықтауында.
Тоқаевтың айтуынша, осы мызғымас құндылықтар – "Адал азамат" тұжырымдамасының тірегі.
"Қоғамға пайдалы іс-шараларға атсалысатын, қайырымдылық жобаларын жүзеге асыратын және мұқтаж адамдарға қамқорлық танытатын барша азаматтарға алғыс айтамын. Сіздердің жасампаздыққа толы қызметтеріңіз – шынайы отаншылдықтың көрінісі", - деп атап өтті президент.